fed-3-fotoapparat-kamera-boke

Шариғатта суретке түсіруге рұқсат па?

Ислам ғалымдары ескерткіш жасауға тыйым салудың негізгі астарында сол кезде кең тараған пұтқа табынушылықтың алдын алу, ескерткіш жасаушының Хақ тағаланың жаратушылық сипатына таласуы, ұятсыз нәрселерді бейнелеуі, пайдасыз нәрселер үшін қаражат пен уақытты ысырап ету секілді себептердің жатқанын атап көрсетеді.

Ескерткіш бейнесінде емес қағаз, мата дуал секілді нәрселерде бейнеленген суреттерге қатысты келтірілген хадистер олардың толықтай харам не харам екендігін білдірмейді. Бұл хадистерді тек қана сөзбе-сөз емес, түпкі себебін назарға ала отырып түсінген ғалымдар суреттің мәні, суретті қолданушының мақсаты мен жеріне қатысты пайымдай отырып әр түрлі пәтуа шығарған. Мысалы, қасиетті саналып, табыну мақсатында салынған және тәңірлік телінген, ислам шариғатына қайшы жалаңаш бейнелі суреттерді салу – харам. Ал жансыз заттарды бейнелеуге қатысты ешқандай тыйым жоқ. Жаны бар нәрселердің пәтуасы мақсатына қарай өзгереді. Жалпы сурет салуға қатысты хадистердің бәрін бір тұтастық шеңберінде саралап, түпкі мақсатына үңілгенде Пайғамбарымыздың алғашқы кездері адамдардың көңіліне таухид рухын мықтап орнықтырғанға дейін қатаң талаптар қойғаны, ал кейінгі кезеңдерде қауіпті деп саналмаған жерлерде рұқсат бергендігі байқалады.

Фотоаппаратпен түсірілген суретті соңғы ғасырдағы Мысыр ғалымдарынан Мухаммед Бахит әл-Мутғи өзінің «Фтографияның рұқсат етілгендігіне қатысты жеткілікті жауап» деген бір еңбегінде фотоаппарат пен камера арқылы түсірілген суреттің шариғатқа қайшы емес екенін дәлелдеуге тырысқан. Ол «Суретке түсіруді жаратушылыққа ұқсатуға келмейді. Хадистегі «Менің жаратқанымдай жаратсын» деген сөз фотографияны қамтымайды. Өйткені, фотография (сурет) адамның көлеңкесін бейнелейді. Оның мәні (бейненің айнада) шағылуы, ал камераман бейнені шағылтушы. Бұлай аталуының себебі айна секілді бейнені шағылдыруына байланысты. Бұл – ескерткіш жасаушы мен сурет салушының істеріненен бөлек. Сондықтан харамдық шеңберіне кірмейді»,–деген екен. Шейх Бахиттың осы көзқарасын кейінгі ғалымдардың көбісі қолдаған. Жоғарыда келтірілген себептер (табынушылық, жалаңаштық) жоқ болса суретке түсуге рұқсат.

© Алау ӘДІЛБАЕВ, дінтанушы

Комментарии закрыты.