3ebd09e1-27cc-4bd1-a7ae-a38340786921

Зайырлы мемлекеттегі діндар адам

Зайырлы мемлекеттегі діндар тұлғаның қалыптасуына әр түрлі тарихи, мәдени, діни-саяси, әлеуметтік, т.б. факторлар ықпал етеді.

Зайырлылық – атеизмді немесе дінді оқшаулау, оны теріске шығару емес.

Бүгінде Қазақстан үшін дәстүрлі саналатын екі діннің бірі – ханафи бағытындағы сунниттік ислам діні. Бұл діннің қағидаттары мемлекеттің зайырлылық қағидаттарымен көптеген мәселелер бойынша үйлеседі. Оған ислам дінінің адам құқықтарына құрмет көрсету мен қорғау, діни сенім бостандығын бағалау, өзгелердің ұстанымдарына мәмілегерлікпен қарау қағидаттарын мысал ретінде келтіруге болады. Яғни діни және зайырлы құқықтық негіздерге сәйкес әр адам құқық субъектісі болып танылады әрі ҚР Конституциясының 14-бабы 2-тармағындағы нормада келтірілгендей, ешкімді тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша кемсітуге болмайды.

Жалпы барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің заңнамаларында адам құқықтары жөніндегі кодекстің негізгі қағидаттары қамтылған. Яғни, зайырлылық ешқандай дінге қысым көрсетпей, керісінше, қолдап, жат діни ағымдардан елді қорғайды. Сондықтан, зайырлылықтың қоғамдағы маңызы зор. Зайырлы мемлекеттер деструктивті сипаты жоқ дінді ұстануға тыйым салмайды, діндар адамдар үшін бұл үлкен артықшылық болмақ.

Зайырлы құқықтық заңнамаларда адамның ар-намысы мен абыройын сақтау, қысым көрсетпеу мен әділетсіздікке жол бермеу секілді мәселелер діни нормаларда кездеседі. Демек, діндар адам – қай жерде жүрсе де құқық иесі саналатын әрі айналасындағы қоғамның әрбір мүшесін діни, ұлттық немесе әлеуметтік ерекшеліктеріне қарай бөліп-жармайтын, барлығының құқықтары мен бостандықтарын бірдей сақтайтын азамат.

© «Зайырлы мемлекет және дін қатынастары: теориясы мен тарихы, шетелдік және отандық тәжірибесі» кітапшасынан

Комментарии закрыты.