Рисунок1

Адасудың басты себебі – білімсіздік

Адамдардың теріс жолға түсіп, адасуының бірден-бір себебі – сауатсыздық. Діни білімнің жоқтығы. Білімді медресе-мешіттерден, діни білімі бар имамдардан алу керек. Өзі адасып жүріп, басқаларды да адастыратындар бар. Олардың қайда, кімнің алдынан оқығаны да белгісіз. Өзінікі дұрыс па, бұрыс па, ол жағын ойламай, білгенін өзгелерге үйретеді. Бұл да надандық.

Түрлі діни ағымдардың өкілдері әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланады. Олардың қатарында тәкбіршілік, хизбутшылық, құраншылдық, уахабшылдық, салафизм сияқты неше түрлі бағыттар бар.

Олардан өте сақ болып, барынша бойды аулақ салу керек. Ондай ағымдарға белгісіз «ұстаздарды» тыңдаушылар түсіп кетеді. Мәселен, Дарын Мүбаров, Октам Зауырбеков, Дильмурат абу Мухаммад, Назратуллах абу Марьям, ағайынды Зейнулиндер, Ринат абу Мухаммад, Наиль абу Салих, Дидар Оспанов, Данияр абу Ахмад, Абдуррахим Башпаев сынды уағызшыларды мүлде тыңдауға болмайды. Олар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстаздары емес.

Бала – ата-анаға аманат. Оған барынша жақсы тәрбие беруі – парыз. Ұрпағымызды өз дініне, салтына, әдет-ғұрпына бейімдеп үйрететін болсақ, олар адаспайды. Ата-ана өзі бірінші мешітке келіп, газет-журнал, кітаптарды оқуы керек. Баласын имам, ұстаздармен таныстырып, дұрыс жол сілтейтін болса, жастар адаспайды.

Бір отбасынан шыққан ағайындар арасында бірін-бірі кәпір санап, жік-жікке бөлінетіндер бар. Ол да білімсіздіктің кесірі. Қазір қаншама адам намаз оқып, ораза ұстап, садақа беріп, мұсылманшылыққа бет бұрып жатыр. Дінге қызығушылық бар. Барлық мешітте сауат ашу курстары жұмыс істейді. Ата-ана баланы жастайынан үйрету керек. Өздігінен білім алушылар үшін жат ағымдардың жетегінде кетіп қалу қаупі жоғары.

© Қасымхан Абдуллаұлы, Петропавл қалалық Қызылжар мешітінің бас имамы

Комментарии закрыты.