195283962_1144869836000046_4234724129022205413_n

Қоғамдық орындағы ізгілік

3-орын Гүлфайруз Дүйсенғалиқызы @gulfairuz397 онлайн байқауымызда жеңімпаз атанды.  

Жеңімпазды «Аңсар» орталығының басшысы Нұрсұлтан Берікұлы @nursultan_zhanshin арнайы құттықтап, арнайы диплом, бағалы сыйлық табыстады. Жеңімпаз Гүлфайруз Дүйсенғалиқызының жазбасын ұсынамыз.

Қоғамдық орындағы ізгілік

Негізі, әлемді жайлаған індеттің қасіреті қарапайым адамдар арасынан да еріктілердің көп шығуына себеп болғаны рас. Бұрын бұл туралы іштей мойындап қана қоятынмын, бүгін @ansar_aqparat ресми инстаграм парақшасындағы «Жүректегі жылылық» онлайн байқауды көзім шалып, көкейіме келген қысқаша жазбаны қалдыруды жөн көрдім.
Иә, ел басына күн туғанда бүкіл қазақ елінің бір- біріне қол ұшын созғаны әр қазақты, тиісінше мені де қуантты. Бірден мысалға көшейін: осындай қиын күндері тұрғындар арасынан шыққан еріктілер мен әртүрлі «еріктілер тобы» бетперде мен антисептик қат болған бастапқы күндерде қоғамдық орындарда, саябақтар мен қала көшелерінде аталған қажетті заттарды тұрғындарға тегін таратып, алғыс арқаласа, мешіттерде азқамтылған отбасыларға көмек ретінде арнайы ұйымдастырылған азық- түліктер көмекке мұқтаж отбасыларға жетті.
Есімде, елімізде алғаш рет орын алған эпидемиялық жағдайдан ахуалымыз нашарлап, кенеттен келген індеттен бүкіл ел халқы есеңгіреп қалған күндерде мешіттерде имамдар Алладан ел амандығын сұрап, бұл індеттен құтқаруды дұға қылып жатса, қарапайым адамдар емханаларда дем жетпей әл үстінде жатқан науқастарға кислород баллонын тасыды… Осылай тізе берсек, мысал өте көп…
Жалпы, қоғамдық орындағы ізгілікті күнделікті өмірімізде де жасауға болатынын әрқайсымыз білеміз. Бірде қоғамдық көліктің артқы салонында отырып, көлікке егде тартқан, жұпыны киінген апайдың мінгенін көрдім. Жасыратыны жоқ, қазіргі заман – біреудің үстіндегі киімге қарап сыйлайтын заманға айналғаны қашан… Айналамдағы жастардан бұрын, өзім орнымнан тұрып, апайға ұсындым. Көліктің жолаушы тұратын бос салонына жылжып бара жатып, әлгі үлкен апайдың «Бақытты бол! Жолың болсын! Аман бол!» деп, батасын жаудырғанын құлағым шалды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді, жүрегім жылып, ішімнен «Әумин!» дедім.
Біздің қазақта «Қарғыс алма, алғыс ал!» деген даналы сөз бар. Ендеше, әрқайсымыз қай жерде болмасын ізгі іс қылып, алғыс алуға асығайық…

Комментарии закрыты.