FB_IMG_1625805741370

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ РӨЛІ

Соңғы жылдары әлемдік діни ахуалда елеулі өзгерістер орын ала бастағаны баршамызға белгілі. Жаһандық деңгейде жиілей түскен қақтығыстар мен лаңкестік актілерге азаматтардың көптеп тартылуы – қауіпті жағдай. Әсіресе бұл қауіпті үрдіске қоғамның осал санаттары өкілдерінің, соның ішінде жастардың көптеп тартылуы алаңдатарлық мәселеге айналып отыр.
Қазақстан Республикасындағы діни ахуалдың тұрақтылығына қарамастан, аталған үрдістер біздің елімізге де әсерін тигізуде.
Радикалды ағымдардың мақсаты дін мен дәстүрдің сабақтастығын үзу, дәстүрлі рухани құндылықтарды жоққа шығару, еліміздегі зайырлылық қағидаттарына теріс көзқарас қалыптастыру болғандықтан, қазіргі таңда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу – дін саласындағы уәкілетті органның назарындағы басты мәселе.
Азаматтардың теріс пиғылды ағымдарға бет бұруына ғаламтор, соның ішінде әлеуметтік желілердегі дәстүрлі емес діни ағымдардың белсенді үгіт-насихат жұмыстары, жастардың діни сауатының кемшіндігі, эмоциялық әлсіздігі, психологиялық тәуелділігі мен сенгіштігі, отбасылық қысымдар, т.б. әсер етеді.
Діни экстремизмнің қауіп-қатері мен оның Қазақстанда таралуына идеологиялық тұрғыдан қарсы тұруда, жас ұрпақты ұлттық дәстүр мен патриоттық сезімге тәрбиелеуде қоғамның, соның ішінде Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) орны ерекше екенін атап өткен жөн.
Қоғамда діннің атын жамылған түрлі экстремистік және террористік идеологияның жастар арасында белең алуы қоғамды ойландыратын өзекті мәселеге айналып отыр. Жастар рухани-адамгершілік құндылықтарының жұтаңдығынан радикалды топтардың қатарын толықтыруда. Оның үстіне ақпараттық кеңістіктің ашықтығы мен жаһандану үрдістері де қоғамдағы радикалды топтардың жұмысын «жандандырып», ғаламтор, әлеуметтік желілер және басқа да коммуникациялық құралдардағы селдей ағылған ақпараттар жастардың санасын сансыратуда.
Дәстүрлі емес діни көзқарастың, экстремистік және радикалды идеологияның таралуы мемлекет пен қоғам үшін өте қауіпті болғандықтан, Мұндай көзқарастағы әйелдердің жас буынды да қате ұстаныммен тәрбиелейтіні – ерекше алаңдатарлық мәселе.
Соған орай, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандырудың маңыздылығы зор. Қазіргі ең көкейкесті міндет – тұрғындар арасында, әсіресе жастардың ортасында радикалды идеологияға қарсы мықты иммунитет қалыптастыру үшін жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын оңтайландырып, тиімділігін арттыру. Заман талабына сәйкес әр түрлі форматтағы кездесулерді шағын топтармен өткізудің тиімділігі жоғары екені байқалуда.
Үкіметтік емес ұйымдар діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарында мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарында діни бірлестіктерге үлкен үміт артылатыны айтылып келеді.
Бүгінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша жұмыстар үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен іске асырылуда. Аймақтық консультациялық орталықтар желісі құрылды. Орталықтар дін мәселелері туралы кеңес береді. Республикалық деңгейде «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ,  «Дінтанушылар  конгресі» ҚБ,  «Ақниет ақпараттық-түсіндіру және бейімдеу орталығы» ҚҚ белсенді жұмыс атқаруда.
Сонымен қатар, «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығы» мекемесі Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты аясында  2019 жылдың сәуір-қараша айларында дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған «Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін даярлау және қайта даярлау жұмыстарын ұйымдастыру» курсын өткізді.
Еліміздің 10 қаласында (Өскемен, Павлодар, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Нұр-Сұлтан) өткен оқыту курсына 637-ден АТТ мүшелері қатысты.
Қазіргі таңда Қазақстанда 4 млн. жастар бар, яғни бұл әрбір төртінші адам – жастар санатында деген сөз. Осыған орай, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар арасында діни экстремизмнің алдын алудың бір тетігі ретінде олардың назарын мемлекетті дамыт мәселелеріне бұру мақсатында жұмыс жүргізуде.
Алдын алу жұмыстары кешеніне қоғамның рухани ахуалын жақсартуға, дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға арналған бірқатар шаралар атқарылып келеді.
Қазіргі таңда радикалды идеология ықпалына түскен әйелдерді әлеуметтік бейімдеу және психологиялық оңалту мәселесі де маңызды болып отыр. Дәстүрлі емес діни ағымдағы әйелдерді радикалды көзқарастан арылту жұмысы оларды ақпараттандыру, әлеуметтендіру, құқықтық және діни сауаттылығын арттыру және соның нәтижесінде дәстүрлі діни көзқарасқа қайтару сатыларынан тұрды. Биылғы жылы бұл бағытта «Қоғамдық процесстерді зерттеу және талдау орталығы» ҚБ-нің арқарып жатқан жұмысын тілге тиек етуге болады.
Ал Дін саласындағы мемлекеттік саясат қағидаттарын түсіндіру және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында, дәстүрлі исламның құндылықтарын наисхаттауда «Дінтанушылар конгресі» ҚБ «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының  мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Kazislam.kz» порталының атқарып жатқан жұмысы ерекше.
Бұдан бөлек елімізде тұрғындар арасында діни экстремизмнің алдын алуда және қайта бейімдеу жұмыстарына аймақтық  ҮЕҰ-ды атап өтуге болады. Мәселен «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы (Ақтөбе облысы), «Аманат-Жайық» ҚБ (Батыс Қазақстан обл.), «Насихат» қоғамдық қоры, «Сана» дінтанулық ақпараттандыру және кеңес беру орталығы (Ақмола обл.), «Шапағат» деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы (Атырау  обл.) секілді қоғамдық бірлестіктер белсене араласуда.
Сондықтан радикалдық діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудағы ҮЕҰ-дың рөлі мен мүмкіндігі орасан зор. ҮЕҰ-дың тек діни салада ғана емес, білім, тәрбие, құқық, әлеуметтік қолдау, салауатты өмір салтын насихаттау салаларында кешенді жұмыстар жүргізуге әлеуетті.
Осы аса зор әлеуетті орнымен пайдаланып қана қоймай, кезең-кезеңімен дамытып отыру алдағы уақытта руханият саласындағы бірқатар мәселелерді еңсеруге септігін тигізері айқын.
Дереккөз: kazislam.kz

Комментарии закрыты.