FB_IMG_1633001861149

ТҮЗЕТУ МЕКЕМЕСІНДЕ ҚҰРАН ЖАРЫС ӨТТІ

29 қыркүйек күні  ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Зайырлы ел – қайырлы ел» жобасы аясында «Аңсар» АТО ұйымдастыруымен Ақтөбе облыстық ҚАЖ департаментіне қарасты 168/2 түзету мекемесінде «Экстремизм және терроризм» бабымен сотталғандар арасында Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша сайыс өтті.

Жаза басып, жаңылғандар арасынан сайыста 10 қатысушы бақ сынап, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Бекжан қари Әлденов, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадман, «Аңсар » АТО бөлім басшысы Сансызбай Ұлқабай және «Аңсар» ҚБОО  теологы Айсұлтан Сапар қазылық етті.

Сайыс шарты бойынша үміткерлердің тәжуиді мен махраджына, оқу мәнеріне мән берілді. Қатысушылар Фәжір, Бәйинә, Иншиқоқ, Нәбә, Бәләд , Ғабасә, Мутоффифин, Қориға,  Һумәза сүрелерін жатқа айтып жарысты.

Сайыс нәтижесі бойынша Құран Кəрімнің 30 парасын жатқа айтқан Батыржан  Қошақов оқ бойы алға шығып,  І орынды жеңіп алды.  Қарсыласынан 1 ұпайы кем түскен Бауыржан Талаповқа  ІІ орын бұйырып, ІІІ орынды Ерболат Дариябаев еншіледі.

Барлық жеңімпаздарға арнайы алғыс хаттар мен бірінші қажеттіліктегі гигиеналық заттар сыйға берілді.

Сайысқа қатысушылар мен көрермен қатарындағы түзету мекемесінде жазасын өтеушілер ұйымдастырушы тарапқа аталмыш шаралар жалғасын тапса деген тілектерін білдірді.

Дiнi күштi, дiңгегi мықты елдiң ғана болашағы бар. Ақиқат дiндi насихаттайтын, адасып келген өзге дiндер жетегiне түспеу үшiн осындай шаралардың атқарар рөлi жоғары.

«Аңсар» АТО-ның жоспарына сәйкес, алдағы уақытта «Зайырлы ел – қайырлы ел» жобасы аясында түзету мекемелеріндегі жазасын өтеушілер арасында үстел теннисі секілді спорттық ойындармен қатар «Құран жарыс», «Не? Қайда?Қашан?» зияткерлік сайысы, Ақида ілімінен білім сайыстарын ұйымдастыру көзделген.

Комментарии закрыты.