262199779_3086465734946329_4925301098756483074_n.webp

Зайырлылықтың мәні неде?

«Зайырлылық» түсінігінің ауқымы кең. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Қазіргі заманғы зайырлылық ең алдымен гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруды қамтиды.
Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, сонымен қатар атеистік, секуляристік идеологияның немесе басқа да бір дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады. Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады.

Атеизм – дінді толығымен теріске шығаратын, оны құндылық ретінде қабылдамайтын танымның өзіндік түрі. Ал зайырлылық – дінсіздік те, дінді терістеушілік те емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады.

Зайырлылық қағидаты қазіргі заманғы көптеген елдердің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасып, әрекет етуінің басты қағидаттарынан саналады. Қазіргі әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қарым-қатынасының екі типі кең таралған. Біріншісіне сәйкес – мемлекет діннен ажыратылған, екіншісінде мемлекеттегі белгілі бір дінге (конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе беріледі.

Қазақстандағы мемлекеттік-діни қатынастардың негізгі қағидаттары мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігі, діни бірлестіктер мен азаматтардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дінге көзқарасына қарамастан заң алдында теңдігі, ешбiр дiннің мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейтіндігі болып табылады. Мемлекеттің зайырлы сипаты азаматтық қоғам субъектілерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асыруын талап етеді.

Комментарии закрыты.