Әлеуметтік желіге жауапты мамандардың біліктілігін арттыру

?«Аңсар» АТО – ның ұйымдастыруымен әлеуметтік желіге жауапты мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 15-16 наурызында интернет ресурстарында дін саласындағы мемлекеттік саясатты насихаттау және діни экстремизм мен терроризм көріністерін алдын алу жұмыстарын жүргізетін мамандарға «SMM», «копирайтинг», «интернет-журналистика», «сторизмейкинг», «мобилография» дағдыларын оқыту семинары өтуде.
?2 күндік семинарды Ақтөбе облысының дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев салтанатты түрде ашып, қонақтарға сәттілік тіледі. «Аңсар» АТО орталығының басшысы Нұрсұлтан Жаншин 2021 жылы интернет кеңістігінде белсенді жұмыс атқарған мамандарды марапаттады. Атап өтер болсақ, Байғанин ауданының маманы Әділханова Дана белсенділігі үшін, Шалқар аудандық «Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығы» КММ креативтілігімен ерекшеленгені үшін, «Нұр Ғасыр» мешітінің маманы Ақтолқын Тажикова дін мен дәстүр сабақтастығын жаңаша үлгіде насихаттағаны үшін алғыс хаттар мен сый-сияпаттарға ие болды.
?ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, дін істері комитетінің маманы Жапал Долиев интернет кеңістігінде дін саласы бойынша ақпараттық жұмыстарды жүргізудің қағидаты жайында сөз қозғады. «Аңсар» АТО СММ маманы Мөлдір Кенжеғарақызы 2021 жылы интернет парақшалардың жүргізілуі бойынша талдау жасап, 2022 жылға қойған мақсаттар мен міндеттерді атап өтті.
?Оқыту семинарының сабағы СММ, копирайтинг маманы Ақтілек Орынбасарованың теориялық дәріс сабағымен басталды. Спикер қоғамдағы, маркетингтегі, ақпарат жеткізудегі СММ-нің рөліне тоқталып, бірқатар элементтері жайында дәріс сабағын оқыды. Түскі астан соң, сторизмейкинг маманы Аружан Мырзабаева әлеуметтік желідегі сторизмейкер маманының маңызды рөлі мен атқаратын қызметін түсіндіріп өтті.
?Үзілістен соң қатысушылар СММ саласы бойынша алған теориялық білімдерін практика мазмұнында жүзеге асырды. Кейін мобилография маман Жәнібек Рысқұл теориялық сабағында аталған жанрдың ерекшеліктері, пайдасы мен түсірілімі жайында дәріс сабағын жүргізді.
Семинардың екінші күнінде SMM, копирайтинг маманы Ақтілек Орынбасарова копирайтинг туралы теориялық дәріс сабағын өткізді. Спикер «копирайтер кім? Мәтін жазудың құпиялары мен формулалары қандай?» деген сауалдардың жауабына толық мағлұмат берді. Қатысушылар теориялық білім базасын практикалық сабақта қолдана білді. Үзілістен соң, мобилография және сторизмейкинг бойынша практикалық сабақ өткізілді.
Семинар қорытындысы бойынша «Аңсар» АТО басшысы Нұрсұлтан Жаншин қатысушыларды 2 күндік оқыту семинарын сәтті аяқтағанымен құттықтай отырып, біліктілігін арттырғаны жөнінде сертификаттармен марапаттады.





