Желтоқсан 8, 2021

Сұрақ: Келіннің сәлем салуы ширк пе?

[:kz]

Жауап:

Әрбір амал ниетімен қайырлы, ал құрметтеу ниетімен сәлем салудың
рукуғ немесе сәждеге жығылумен бір еместігі, табыну ниетінде
жасалмағандықтан, Аллаға серік қосумен мүлде байланыспайтыны айдан анық

Беташар ислам дінінде болмағанымен ислам шариғатына қайшы
келмейтін құптарлық салт-дәстүр. Беташар келінді ер жігіттің жұртымен
таныстыру, сондай-ақ, жігіт пен қыздың отау құрғанын халыққа жариялау
мақсатында жасалады.Беташарда келін халыққа құрмет ретінде иіліп сәлем
береді.
Өкінішке орай, халық арасында дәстүрлі емес діни ағымдар
идеологиясына ілесіп, сәлемді ширкке балап, «келіннің сәлем салуы ширк,
бет ашар жасауға болмайды» деп қарсы шығып жүргендер баршылық.
Иіліп сәлемдесуге ешбір көрнекті ислам ғалымы «ширк» деп үкім
шығармаған.

Иіліп сәлем беруге байланысты әт-Тирмизидің хадис
жинағында Әнас ибн Мәликтен риуаят етілген мынандай бір ғана хадис бар:
«Бір кісі Мұхаммед пайғамбарға: Бізден бір кісі өзінің бауырымен яки
досымен ұшырасқанда оған (оған сәлем берген кезде) иіле ме? – деді.
Мұхаммед пайғамбар: «Жоқ», − деді. Ал оны құшақтап, (бетінен) сүйеді ме?
– деп тағы да сұрақ қойды. Мұхаммед пайғамбар: «Жоқ», − деді. Ал қолын
алып амандаса ма? – деді. Мұхаммед пайғамбар: «Иә», − деп жауап берді».
Бұл хадис «иіліп сәлем салудың» ширк екендігін яки харамдығын
білдірмейді. Хадистің дұрыстық дәрежесіне байланысты ғұламалар әртүрлі
пікір білдірген. Хадис ғалымдары әт-Тирмизи бұл хадисті келтіргеннен кейін
оған «хасан» деп баға берсе, Ахмад ибн Ханбал «әлсіз» деген.

Жалпы, құрмет ниетімен иілудің Аллаға серік қосу немесе харам емес
екендігін сахих хадистермен дәлелдеуге де болады. Мәселен, исламда тақуа
немесе сыйлы, қарт кісіге құрмет көрсету ниетімен қолын сүюге рұқсат бар.
Сахабалардың Мұхаммед пайғамбардың, тіпті бір-бірінің қолдарын
сүйгендіктері жайлы көптеген сахих хадистер бар. Қол сүйетін адамның кісі
алдында бел бүгіп, иілетіндігі сөзсіз. Ал мұндай иілуге ешбір ислам ғұламасы
«ширк» немесе «харам» демеген. Егер жалпы иілу харам болғанда, қол сүю
арқылы құрмет көрсету де харам болар еді.
Мысыр елінің бұрынғы мүфтиі Атия Сақрдың 1997 жылғы мамыр
айында «Сахнада өнер адамы тыңдаушылардың қошеметіне алғыс ретінде
иілуіне бола ма?» деген сұраққа берген пәтуасында: «…Кейде үкімдер ниетке
қарай бағаланады. Сондықтан халыққа деген алғысын білдіріп, кішіпейілділік
ниетімен иіліп сәлем берудің еш оқасы жоқ. Бірақ қатты иілмеген де
жөн…» деген.
Осының негізінде келіндердің үлкендерге инабаттылық әрі құрмет
көрсету мақсатында иіліп сәлем берулерінің еш ағаттығы жоқ деген үкімді
анықтауға болады. Бірақ намаздағы (ерлердің жасайтын) рукуғ деңгейінде
болмағаны абзал.
Қазақ келіндерінің ешбірі табыну мақсатында сәлем
салмайтыны баршаға мәлім. Ендеше, ғасырлардан бері ислам дінін жетік
білген ғұламалардың көз алдында жалғасын тауып келе жатқан бұл әдетті
ширкке балаудың ешбір негізі жоқ.

[:]