28 февраля, 2025

Ақтөбе облысы  бойынша әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қарсы насихат  жұмыстарын жүргізетін мамандардың  біліктілігін арттыру семинарының

Ақтөбе қ.                                                                             25-26 ақпан, 2025 жыл

Маресьева, 105                                                                    уақыты: 9.00-17.45

«GO WORK» коворкинг орталығы 

2025 жылдың 25-26 ақпан күндері Ақтөбе қаласында дін істері басқармасы мен «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының ұйымдастыруымен әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында қарсы насихат жұмыстарын жүргізетін мамандардың біліктілігін арттыруға арналған екі күндік семинар өтті.

Бүгінде интернет пен әлеуметтік желілердің қолжетімділігі діни экстремизм идеологиясының таралуына ықпал етіп отыр. Осыған байланысты семинардың негізгі мақсаты – ақпараттық кеңістікте қарсы насихат жұмыстарын тиімді жүргізу үшін мамандарға жаңа әдіс-тәсілдерді үйрету.

Семинарға Ақтөбе облысындағы БАҚ өкілдері, облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті мен Ақтөбе қалалық орталық мешітінің әлеуметтік желіге жауапты қызметкерлері, сондай-ақ облысқа қарасты 12 ауданнан діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық жұмыстармен айналысатын мамандар қатысты.

Іс-шараны Ақтөбе облысының «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының басшысы Разақ Тастанбек Нұрмұхаметұлы ашып, интернет кеңістігінде қарсы-насихаттық ақпараттарды дұрыс жариялаудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Семинар барысында Астана қаласы «Діндерді зерттеу орталығының» SMM маманы Ғалымова Тоғжан Бүркітқызы «Әлеуметтік желі арқылы дін саласындағы контенттерді ілгерілету» тақырыбында баяндама жасады. Одан кейін жергілікті SMM маман, контент-мейкер Құрманғазина Ақмарал Көбегенқызы «Сапалы блог жүргізу» бойынша тәжірибесімен бөліссе, жергілікті мобилограф Бақыт Ақшолпан Талғатбекқызы «Мобилографияның рөлі мен визуалды контент сапасын арттыру» жолдары туралы сөз қозғады.

Семинардың екінші күні Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі  Дін істері комитетінің «Интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру басқармасы» басшысы Долиев  Жапал Әмзебекұлы  «Ақпараттық жұмыстарда дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын басшылыққа алудың маңызы» тақырыбында тың ақпараттар берді.

Семинар қорытындысы бойынша «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының басшысы Разақ Тастанбек Нұрмұхаметұлы мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі  Дін істері комитетінің «Интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру басқармасы» басшысы Долиев Жапал Әмзебекұлы қатысушыларды екі күндік оқыту бағдарламасын сәтті аяқтауларымен құттықтап, біліктілікті арттыру сертификаттарын табыстады.

«Аңсар» АТО маманы: Кимранова Асыл Ернарқызы

Сұрақтар бойынша: +7 705 476 58 82