НҰРЛАН ЕРМЕКБАЕВ: ДІН САЛАСЫНДА ЖАҢА КОРПОРАТИВТІК ҚОР ҚҰРЫЛДЫ

Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Уақып» корпоративті қайырымдылық қоры құрылды. Қор әртүрлі әлеуметтік жобаларды қолдауды жүзеге асырады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев хабарлады. Министрдің айтуынша, «Уақып» қоры Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен құрылды. Оның қызметі коммерциялық емес қайырымдылық ұйым ретінде әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, білім-ағартушылық шараларды жүргізуге, сонымен қатар, діни бірлестік қызметкерлерлері жұмысының тиімділігін көтеру және діни мекемелердің қызметін қолдауға бағытталады. «Уақып» қорының президенті болып Қайрат Айтбай сайланды. Қордың құрылтайшылары ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Халықаралық діндер және мәдениеттер орталығы және Дін мәселелері жөнінде талдау және ғылыми-зерттеу орталығы болып табылады. Қамқоршылар кеңес құрамына ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі, Парламент депутаттары, Жоғары муфтий, «Дінтанушылар конгресінің» төрағасы, Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері және белгілі қоғам қайраткерлері енді. Қамқоршылық кеңестің төрағасы дін саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысы болып саналады. Айта кетейік, қамқоршылық кеңес құрамы қор жұмысының ашықтығын және қаржының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді. Қорды құру барысында Катар, Кувейт, Иордания, Египет, Индонезия, Түркия, Бельгия, Ресей сияқты елдердің тәжірибелері жан-жақты зерттелді. Қордың алдында тұрған міндеттердің маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі аталған жобаны жан-жақты қолдауға шақырды. «Уақып» қорының қызметі келесі міндеттерді шешуге бағытталған: елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосу; тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған тобы мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету; балалар мен жастардың физикалық және интеллектуалдық дамуын қолдау; діни радикализм мен экстремизмнің алдын-алу; мамандардың біліктілігін көтеру және шалғайда орналасқан діни бірлестіктердің әлеуметтік мәселелерін шешу. Осы аталған міндеттерді шешуге сауапты іс жасауға ниет білдірген елдің барлық азаматтары, Қазақстанның коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдары, сондай-ақ, шетелдік және халықаралық ұйымдар шақырылады. «Уақып» қорының өкілдері азаматтар қайырымдылық қолдауды қаржылай, жылжымалы және жылжымайтын мүлік түрінде көрсете алатындығын атады.

Ақпарат Kazislam.kz сайтынан алынды.

Пікір үстеу


Қауіпсіздік коды
Жаңарту

Мақалалар / Статьи