71669263_2378613685800425_2718550703063695360_n

«СИРИЯДАН КЕЛГЕНДЕРДЕН ДЕ ҚАУІПТІЛЕРІ ЕЛ ІШІНДЕ» — ДЕГЕН СӨЗДІҢ ЖАНЫ БАР

«Сириядан келгендерден де қауіптілері ел ішінде» Сирия, Ирак елдерінің қақтығыс аймақтарынан елге оралған азаматтардың қоғамға бейімделуі, оларды басқалардың қабылдауы ел болашағы үшін маңызды екені белгілі. Осы мақсатта Kazislam.kz порталы жаз айларында «Жусан» операциясымен елге оралған Қазақстан азаматтарымен оңалту жұмыстарын жүргізген теолог-маман, Ақтөбе облысы дін істері басқармасы «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы басшысының орынбасары Төлеген Талдыбаевпен сұхбаттасқан еді.Төлеген Өмірзақұлы, әңгімемізді «Жусан» операциясымен елге оралған қаракөздердің жағдайынан бастасақ. Өзіңіз тілдескен азаматтардың Сирияда бастан өткерген күндері айтпаса да түсінікті. Ерекше сұрағым келгені, олар енді не істейді, не мақсаты бар? Қайткенмен тірі адам тіршілігін істейді емес пе?! – Біріншіден, басқа түсетін қиыншылықтардан кейін адам баласының психологиялық тұрғыдан өзгеріп кететінін ескеруге тиіспіз. Мәселен, Сириядан оралған қандастарымыз қан көрген, соғыс көрген, адам төзгісіз қиыншылыққа тап болған. Әрине, кейбір нәрселерін айта аламыз, кейбірін мүлдем айта алмаймыз. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамға жат істерге, ақылы бар адам істемек түгілі, ойлауға қорқатын әрекеттерге барған. Бірақ бұл әрекеттер олар өмір сүрген ортада қылмыс деп саналмаған. Одан кейін аштықты басынан өткергенін, әйелдердің бірін-бірі өлтіруі, сатып кетуі деген сияқты жайттарды да бастан кешірген. Дейтұрғанмен, олар Отанға оралғаннан кейін қазір үш-төрт айдың ішінде қоғамға үйренісуге, бұрынғысын ұмытуға, қателескен жерлерін біліп, түсінуге тырысып жатыр. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, енді олар бұрынғы қателіктерін түбегейлі ұмытып, «ол жаққа» оралмауға тырысады деп ойлаймын. Өйткені, бәрінің де жетегіне ерген балалары бар, ана болғаннан кейін, ең алдымен, солардың болашағына алаңдайтыны белгілі. Олардың бір-ақ мақсаты бар — қоғамның қарапайым мүшесіне айналу. Алайда, оның өзін бір жақты қарауға әсте болмайды. Неге? Себебі, қоғамның бір мүшесіне айналу деген сөз – туған-туыспен қатынасын түзеу, халқының ұлттық менталитетін, салт-дәстүрін, дүниетанымын шынайы түрде жүрегіне орналастыру, соған жақындау және бұл құндылықтардың артықшылығын сезіну, сондай-ақ әлеуметтік, қаржы мәселесін шешіп, өзіне қолайлы орта табу. Яғни, өзіне үнемі саусағын шошайтып отыратын емес, қайта өзін түсініп, қолдап, қолпаштап отыратын орта табу. Рас, ел арасында «бұлар оңала ма?», «олар жақсылық түсінеді дейсің бе?» дегендей әңгімелер бар. Бірақ көмек беру дегенді Сириядан оралғандар ғана емес, басқалар да мемлекетке масыл болу деп түсінбеуі керек. Тек адасқанын мойындап, Отанына оралғандарға жөн сілтеп, жол көрсету, яғни, олардың білім алуына жағдай жасап, еңбекке араласуына мүмкіндік беруіміз қажет. Сол арқылы оларға ешкімнің де бұл дүниеде тер төкпей ештеңеге қол жеткізе алмайтынын түсіндіру қажет. Демек, жұмысқа деген жауапкершілігін сезіну арқылы қоғамға бейімделе алмақ. Әйтсе де, жүйелі түрде кешенді жұмыс жүрсе ғана әрі дін қызметкерлері ғана емес, әлеуметтік сала қызметкерлері де сүбелі үлес қосса, жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз деп ойлаймыз. Бастысы, оларды қадағалап, бағыт-бағдар беріп, еңбектен қашпауына, дайын нәрсеге құмартпауына жәрдемдесу керек. «Ең қауіпті адамдар біз емес…» – Минскідегі халықаралық конференцияға қатысқан Аида Сарина «Мен терроризмнің құрбаны болғым келмейді, керісінше, онымен күрескім келеді» деген еді. Тілдескен азаматтардың ішінде осылай білек сыбанып отырған өжет әйелдер байқалмады ма? – Соғыс аймағынан қаншама қаракөз қарындастарымыз оралды. Олардың көрмегені жоқ. Әуелде «Ислам халифаты» деп ұрандап, ақыры соқыр сенімнің жетегінде кеткендегі көргені – соғыс, қинау, азаптап өлтіру, ішер ас-суға зар болу ғана. Енді осыншама ауыртпалықты көріп, әйтеуір, аман-есен бас сауғалап үлгерген адамның ішінде ашудан басқа не болуы мүмкін? Өзім тілдескен әйелдердің өзі былай дейді: «Біздің қоғамға ең қауіпті адам – біз емес. Керісінше, ел ішіндегі соқыр сенімде жүргендер бізден әлдеқайда қауіпті…» Былай қарасаң, сөздерінің жаны бар. Өйткені, бұлар Сирияға барды, көрді, кеш те болса түсінді, бастысы, аман-есен құтылды. Ал осы көргендерін ел алдында, қазір интернеттің дәуірі ғой, күллі Қазақстан алдында бүкпесіз айтып жатыр. Атырауда, Ақтөбеде осы мақсатта жұмыс істегісі келетін қыз-келіншектер шығып жатыр. Аты аталмай жатқандар да болуы мүмкін. Сонда олардың мақсаты не? Қорыққаннан айтып жатыр ма? Жоқ. Сақтандыру үшін, елде жүргендер адасып кетіп қалмас үшін айтып жатыр. Әйтпесе, Сирия аңсап жүргендер, нағыз ислам сол жақта деп жүргендер әлі де болса арамызда жүр. Мәселен, өткен шілде айында Сирияға өтіп бара жатқан жерінен бір азамат ұсталды. Қазір тергеу изоляторында отыр. 2019 жылы! Қаңтардан бастап Сирияның соғыс аймағынан қандастарымыз қайтарылды. Соған қарамастан, шіліңгір шілдеде «Жусан» операциясы туралы біле тұра, ести тұра сол жаққа ауып бара жатқан жерінен ұсталды. Яғни, бұл біздің қоғамда Сирияны аңсап тұратын адамдардың барын байқатады. –Енді бір сұрақ, газет беттерін ашып қалсақ, теледидарды қосып қалсақ, сайттардың тетігін басып қалсақ, көретініміз, тыңдайтынымыз Сириядан оралған әйелдердің тағдыры ғана. Сонда елге оралған ер-азаматтар тым қатты радикалданып, түрмеден басқа түзетудің жолы болмай тұр ма? –Қоғамда ер адам мен әйел адамның орны екі бөлек. Ер-азаматтарымыз арнайы соғысқа қатысу үшін аттанса, әйелдердің басым көпшілігі күйеулеріне бағынғандықтан кетті. Өз еркімен Сирия асқан әйелдердің саны өте аз. Ер-азаматтар біріншіден, Шам жеріне қиындық туды, сол үшін Шам топырағын қорғаймыз деп ойлады. Екіншіден, қара ту көтерілді, Ислам халифаты орнады, яғни, «дәррул-куфурды» тастап, «дәррул-исламға» көшу бәрімізге уәжіп болады деген сенімнің жетегінде кетті. Ал олардың бірден түрмеге жабылуының себебі – тым радикалданып кеткендігінен емес. Басым бөлігінің Халықаралық террористік ұйымға кіргендігі, қолына қару алып, қақтығысқа қатысқандығы анықталғандықтан жауапкершілікке тартылды. Әйелдердің де ішінде қылмысы анықталған, әсіресе, соғысқа қатысқан және әлеуметтік желілер арқылы теріс жолды насихаттағандары ұшақтан түсе салысымен оңалту орталығына емес, бірден түрмеге жіберілді. Тіпті, оңалту орталығында болып, тергеу жұмыстары кезінде қылмысы анықталған әйелдердің де болғанын астын сызып тұрып айтамыз. Яғни, ерлерді де, әйелдерді де радикалдану дәрежесіне қарай емес, олардың қылмысқа қатысы бар-жоғына қарап жауапкершілікке тартты. –Сирияға кеткендердің басым көбі дәулетті, ауқатты өмір сүргендер деген сөз рас па? Құпия болмаса, Сирия, Ирак асқан азаматтардың материалдық жағдайы, білімі, қызметі қандай болғанын айта аласыз ба? –Сирия асқандарды бір тапқа бөліп айта алмаймыз. Жағдайы жоқ болғандықтан кетті деп те айта алмаймыз. Олар жағдайына қарап Сирия асқан жоқ. Ер-азаматтардың соты әлі деп жүріп жатыр. Сондықтан, олармен әлі тілдесе қойған жоқпын. Ал әйелдерге келсек, олардың арасында жоғары білімі барлар, ЖОО-да білім алып жатып, орта жолдан оқуын тастап кеткендер, орта білімі барлар, колледждегі оқуын тастап кеткендер және мүлдем оқымағандар да бар. Бұл жерде олардың қоғамдағы дәрежесі, білімі, дәулеті, әлеуметтік жағдайының еш қатысы жоқ. Кім идеологияның құрсауына түсті, солар аттанды. Біз қазір бәріне ашық айтамыз: менің жоғары білімім бар, мен оң-солымды танимын, лауазымды қызметтемін деу бекершілік. Діни сауат болу керек. Сол ғана идеологияға қарсы тұра алады. –Әңгімемізді басқа арнаға бұрсақ. Соңғы кездері Ақтөбе өңірінің тұрғындарын көбінесе қандай сұрақтар толғандырып жүр? –Біздің әлеуметтік желілерде сұрақ-жауап ұдайы жұмыс істеп тұр. Телефон шалып та, мессенджерлер арқылы да тұрғындар сұрақтарына жауап алып жүр. Сауалдардың көбі мәселен «Ақшам намазы нешеде оқылады?» дегеннен басталып, «Балам намаз оқып жүр. Тыйым салайын десем, Құдайдан қорқамын, тыймайын десем, жат ағымға еріп кете ме деп қорқамын. Не істеймін?» деген сұрақтарға жалғасады. Діни мәселелерден бөлек неке туралы, ажырасу, алимент туралы көптеген сұрақтар өзіме жеке қойылды. –Жат ағымның жетегіне жастардың еріп кету ықтималдығы жоғары екені белгілі. Осы тұста жастар өзге ағым, өзге сенімдерден бойын аулақ ұстауы үшін қандай қасиеттермен қарулануы тиіс деп ойлайсыз? –Бәріміз де жас болдық. Жас кезде білім де соншалық көп емес, көрген-түйгеніміз аз, талпыныстың, дамудың кезеңі еді. Ол кезде қателесу – заңдылық. Бірақ, адасып, түзу жолдан тайып кетпеуі үшін орта буын жақсы жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Өйткені, жиырмаға жетпеген балаға ақылды бол дегеннен есі кіргеніне 4-5 жыл болған жеткіншек ақылды бола қала ма? Сондықтан, мемлекет болып, қоғам болып осы мәселеге баса мән берілуі керек. Болашағымыз үшін көп қаржы бөлініп, біраз шаруаның басын қайыру қажет. Мәселен, биыл «Жастар жылы» деп жатырмыз, осыны пайдаланып дін саласында жүрсек те жастармен жүйелі түрде жұмыс істеуді үдете түстік. «Аңсар» орталығының жанынан «Аңсар еріктілері» құрылып, олармен психологтар, түрлі мамандар жұмыс істеп жатыр. Жастардың бос уақытын немен өткізетініне, әсіресе, дінге қызығушылығы бар жастарға ерекше мән беру керек. Кезінде Сирияға кеткен жастар үшін ата-анасы қандай жауапты болса, қоғам да сондай жауапты. Дін маманы болғаннан кейін өзімізді де соған жауапты сезінеміз. Өйткені, жастарға уақытында айту керек нәрсені айта алмадық, «мынаны айтпа, ананы айтпа» дегендей белгілі бір шектеулер болды. Бірақ соның дұрыс-бұрысын мен айтпағанмен, 2013 жылдан бері Сирияға кететіндер көбейген уақытта жастарға әлеуметтік желіде жат ағымдағылар уағыз айтты. Жастар соларды тыңдады. Біз де сол кезде бәсекелесе алмадық. Енді ғана жастардың назарын өзімізге қарай бұрып келеміз, мешіттер де жақсы жұмыс атқарып, дұрыс діни көзқарас қалыптасып келеді. Әйтсе де, бұл мәселемен тек дін мамандары айналысуы керек деген түсініктің де қате екенін айта кетуге тиіспіз. Жастар мәселесімен мемлекеттік деңгейде, қоғам болып жұмыла айналысу керек деп есептейміз. Жастарға таңдау берілу керек және оларға бағыт-бағдар беретін үлкендер де білімді, сауатты болуы тиіс. Еліміздің үлкен қалаларында жақсы орта қалыптасса, әсіресе, спортта, мешіт істерінде жастарды күтіп алатын мамандар білімді болса, оларды дұрыс жолға нұсқай алады деген сенімдемін. –Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет! Сұхбаттасқан – Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Комментарии закрыты.