Қазан 3, 2018

ҒАЛАМТОР ҰСТАЗ БОЛА АЛМАЙДЫ!

[:kz]

Қ. Жұбанов атындағы АӨМУ бас ғимаратында жастар арасында мемлекеттік саясатты түсіндіру мақсатында «Саясат. Жастар. Әлеуметтік желі.» тақырыбында тағылымды шара өтті. Дөңгелек үстелдің басына өңіріміздегі жастар тәрбиесіне атсалысып жүрген мекеме қызметкерлері мен студенттер жиналды. Жиынға арнайы шақырылған мейман – «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының басшысы Н. Жаншин жастарға еліміздегі діни ахуал жайында баяндай келе: «2011 жылы 11 қазанда Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң қабылданды. Оған дейін көшелерде діни үгіт-насихат жұмыстары емін-еркін жүргізіліп, діни әдебиеттер таратылды. Заң қабылданғаннан кейін бұның бәріне тыйым салынып, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Қазіргі таңда жастардың 90 пайызы әлеуметтік желілерді қолданатынын пайдаланып, теріс көзқарастағы тұлғалар өздерінің басты нысаны ретінде жастарды өз ойларын өткізу үшін араларына тартуда. Сондықтан діни ақпаратты тек сенімді парақшалардан алу керек. Ғаламтор ұстаз бола алмайды. Әлеуметтік желілердегі бейнематериалдарды көріп, тыңдағанмен, оларға сұрақ қойып, қажет білімді алу мүмкін емес,» – деп түсіндірді. Сөз соңында Нұрсұлтан Берікұлы ғаламтордағы бейресми парақшалар арқылы теріс ағымның ықпалына ұшыраған жас баланың оқиғасын мысал ретінде келтіріп, жастарға бұндай жағдайлардан сақ болу керектігін ескертті.

[:]