19 ноября, 2021

Сақал қою…

[:kz]Сақал қою — сонау пайғамбарларымыздан (с.ғ.с) келетін дәстүр. Қазіргі таңда шетелде, елімізде болып жатқан лаңкестік әрекетке байланысты дінге күйе жағу белең алды. Бейбітшілік пен мейірімділікке бастайтын Ислам дінін жағымсыз тұрғыда көрсетіп, соның ішінде сақал қойғандардың бәрі салафит деген түсінік қалыптасты. Әрине, сақалды тек салафизм ағымындағылар ғана қоймайды.

Хадисте «Сақал қою — пайғамбарымыздың (с.а.с) сүннеті» деген сөз бар. Шариғатымызда сақал қою міндет емес, сүннет делінген. Ислам ғалымдарының пікірінше, сақал қоюды міндеттейтін діни үкім жоқ.

Сақал қою – Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с) өмір сүрген уақытындағы әдет-ғұрыптан туындаған. Ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с) жүріп- тұру, киім кию, тамақ ішу үлгісі сияқты дүние. Пайғамбарымыз (с.а.с) сақалын жарасымды етіп қырқып, баптап, таза ұстап жүрген. Сондықтан, сақалды өсіргеннен кейін оны ретке келтіріп, болмысына, бет-пішіміне сай, жарасымды етіп жүру керек. Сақал өсіруді көбісі парыз, міндет деп ойлайды. Ол дұрыс емес, сақал қою тек сүннет. Қазіргі жастарымыз осының аражігін ажырата алмай жүр. Ал, иманды сақалмен өлшеу мүлдем қате пікір. Себебі, сақал қоймағандар және қоя алмайтындарды имансыз немесе иманы төмен деуге болмайды. Сақал өсірмей жүзінен иманы төгіліп тұрған азаматтар жетерлік. Бірақ жасына, қызметіне кедергі жасамаса, жарасымды, қысқа әрі әдемі сақал қойған абзал.

Әбу-Ханифа мазхабы бойынша сақалдың ұзындығы төрт елі болу қажет. Сақалды қолмен тұтас ұстап, артылғанын қырқып тастауға болады.

Медицина жақында сақал өсіру еркектердің денсаулығына пайдасы зор екенін дәлелдеді. Сондықтан сақал өсіру дін жағынан да, медицина жағынан да ер адамдарға пайдалы. Жалпы, Ислам ғалымдарының пайымдауынша сақал қоюдың отызға жуық артықшылықтары бар. Мәселен, сақал қойған ерлер тамақтағы баспа ауруымен ауырмайды деседі.

Ер адамдар қартайғанда әйел адамға ұқсап кетпес үшін сақал қоятын болған. Егер сақалы болса ол еркектік болмысын, көркін сақтап қала алады.

Ел арасында “сақалда періште бар” деген сөз де бар. Сондықтан, мұсылман бауырларға сақал қою сүннет болып табылады. Сақал өсірген ер адамға теріс көзқарас білдірудің қажеті жоқ.[:]