[:kz]
Бүгінгі таңда еліміздің мұсылман азаматтары арасында мәзһабқа байланысты сұрақтар жиі көтерілуде. Бірі мәзһаб ұстану дұрыс деп айтып жатса, тағы бірі мәзһабты «бидғат» (дінге енген жаңалық) деп ойлайды. «Мұсылманның мәзһабқа еруі қажет пе? Ешқайсысына қосылмай бейтарап бола алады ма? Мәзһаб ұстану не үшін қажет?» деген секілді сұрақтарға жауап беру үшін алдымен мәзһабтың не екенін, қоғамға не үшін керектігін ұғынып алу қажет.
Ислам дінінің өрісі кеңейіп, түрлі тайпа мен қауым өкілдері арасында тарала бастаған уақытта мұсылмандардың күн тәртібінде тың мәселелер туындай бастады. Мұхаммед пайғамбар мен халифалар дәуірінде мұсылмандар арасында ағымға бөліну орын алмады. Уақыт өте келе мұсылмандар түрлі ағымға бөліне бастады. Жік-жікке бөліну Әлидің мұсылмандар халифі болған тұсында белең алды. Ислам дінінің таралуы араб түбегімен ғана шектелмеген еді. Ислам діні жеткен аймақтарда барлығы бірдей діни қағидаларды толық түсіне алмады.
Дінді дұрыс түсінбеуден туындаған саяси, әлеуметтік мәселелер мұсылмандардың ағымдарға бөлінуіне әкеп соқтырды.
Халифалық дәуір өткен соң көп ұзамай мұсылмандық төрт құқықтық мектеп құрылды. Бұл құқықтық мектептер кейінірек «мәзһаб» деген атқа ие болып, күнделікті тұрмыстағы мұсылмандар арасындағы түрлі жағдайларды реттеп, ағымдардың алдын алуға бейімделе бастады.
Ислам дінінде мәзһабтар фиқһтағы мәзһаб (құқықтық мектеп) және ақидадағы мәзһаб (сенімдегі мектеп) болып екі жақты қарастырылады. Сенімдегі екі мектеп «матуриди» және «ашʼари» деп аталады, негізін қалағандар: Әбу Мансұр ибн Мұхаммед әл-Ханафи ас-Самарқанди әл-Матуриди және Әбу әл-Хасан Әли ибн Исмаʼил Ашʼари. Құқықтық төрт мектеп аббасидтер басқарған дәуірдің алғашқы жүз жылдығында пайда болды. Төрт мәзһабтың негізін қалағандар Әбу Ханифа, Малик ибн Әнас, Мұхаммад әш-Шафиʼи, Ахмад ибн Ханбал болды. Кейін мәзһабтардың атаулары, негіздерін қалаған ғұламалардың есімдерімен ханафи, малики, шафиʼи, ханбали деп аталып кетті.
Аталмыш мәзһабтардың ұстанымдары бір болғанымен, кейбір құқықтық мәселелерге қатысты айырмашылықтары бар. Ғалым кісі пәтуа бергенде әрбір үкімді дәлелге сүйеніп айтады. Бірақ бір ғалымның берген пәтуасына басқа ғалым келіспеуі мүмкін. Келіспеу деген сөз қарсы шығу дегенді білдірмейтінін де түсіну керек. Әрбір ғалымның өзінің дәлелі мен діни үкім шығару тәсілі бар. Сондықтан, исламда бір мәзһабтікі дұрыс, екіншісі бұрыс деуге болмайды.
Дегенмен еліміздегі мұсылмандар арасында «мәзһаб ұстану қате және бидғат» деген көзқарастар орын алуда. Бұл орайда олар сахабалардың кезінде мәзһаб болмағанын алға тартады. Алайда, «төрт мәзһабқа дейін ешбір мәзһаб болмады» деген сөзбен ислам ғалымдары келіспейді. Олардың айтуынша, мәзһаб ұстану сахабалар кезінде де болған, тек «мәзһаб» деген атқа ие болмады. Мұхаммед пайғамбардың қасында үнемі жүріп, одан үлгі-өнегені бойына жақсы сіңірген сахабалар, кейбір жағдайларда жекелеген мәселелерде халық арасында пәтуа беру міндетін атқарды. Ондай сахабалар өзгелерге қарағанда исламды тереңірек білген. Олар түсіну қабілеті, зейіні мен мінез-құлқының ерекшеліктері жағынан жан-жақты таңдалған адамдар, ұзақ уақыт бойы Мұхаммед пайғамбармен замандас, дос болғандар еді. Мұсылмандар арасында қандай да бір сұрақтар туындап жатса, олар ең алдымен Мұхаммед пайғамбарға барып үкімін сұрап отыратын. Ал Мәдинадан алыс жерде тұратындар болса, жергілікті ислами білімі терең сахабаға барып фәтуа сұрайтын. Үкім беруге лайықты деп саналған сахабалар қатарында Салман әл-Фариси, Әбу Сәғид әл-Хұдри, Үмму Салама, Әбу Хурайра, Әнас сынды тұлғалар болды. Уақыт өткен сайын сахабалар бірінен соң бірі дүниеден озып, саны азайды. Дәл осы кездерде жалған оқымыстылар мен жалған пайғамбарлар көбейді. Түрлі мәселелерді ойдан шығарып, мұсылмандардың сенімін әлсіретуге тырысты.
Ислам әлеміндегі әйгілі тұлға Мұхаммед Ғазалидің: «Мәзһабтар – исламның теңдессіз мәдениеті һәм тіректері», – деген сөзі бар.Мәзһабтар бөлінуге емес, бірігуге бастайтын құқықтық мектептер болып табылады. Құран мен сүннетке негізделген ханафи, малики, шафиʼи және ханбали мәзһабтары мұсылмандар арасында береке-бірліктің орнауына, ішкі тұрақтылықтың сақталуына өзіндік септігін тигізген.
Мәзһаб ғалымдары дін аясында қоғамның этникалық ерекшелігін, ділі мен жағдаятын, уақыт пен кеңістікке байланысты туындаған жайттарды ескере отырып, кейбір мәселелерге қатысты түрлі үкімдер шығарған. Мәзһабтардың қалыптасуы осындай қарапайым алғышарттарға ие болды.
[:]