7 декабря, 2021

Атеизм – дінді толығымен теріске шығаратын, оны құндылық ретінде қабылдамайтын танымның өзіндік түрі.

[:kz]Атеизм – дінді толығымен теріске шығаратын, оны құндылық ретінде қабылдамайтын танымның өзіндік түрі.

Ал зайырлылық – дінсіздік те, дінді терістеушілік те емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы.

«Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады.

«Зайырлылық» түсінігінің ауқымы кең:
Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Қазіргі заманғы зайырлылық ең алдымен гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруды қамтиды.

Барлық діндер мемлекетте тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды (заң бұзылмаған жағдайда), өз кезегінде діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды.
Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Дін – мемлекеттік саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі. Өйткен дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, рухани қағидалар жүйесі. Мұсылман араб елдерінде шариғат заңымен басқарылмайтын, бірақ діндердің қызмет етуі мен дамуына мүмкіндік берілетін зайырлы мемлекет формасы «әд-дауләтул-әлманийа» деп аталады. Ол барлық анықтамаларымен біздің мемлекеттік құрылымымызға сәйкес келеді. Атап айту қажет, радикалды көзқарастағы кейбір идеологтар зайырлы мемлекетті Ибн Тәймияның ортағасырлық тұжырымдарының негізінде «дәр ас-сулх» деп атап, оны «мұсылмандарға тиесілі емес және олар билік жүргізбейтін елдер» деп танытуға тырысады. Олардың түсінігінше, мұндай мемлекеттердің билеушілері өздерін мұсылман мемлекеттерінің боданы санауға және сол үшін белгілі бір мөлшерде салық – «жизья» төлуге міндетті.Мұндай «жаһил» (надан) қоғаммен Қиямет қайымға дейін талмай күрес жүргізу керек деп есептейтін радикалдар осы мақсатта өздерінше түсіндірілген «жиһад» ұғымын қолданады. Шын мәнінде «дәр әл-ислам», «дәр әл-харб», «дәр ас-сулх» ұғымдары VІІІ-ІХ ғасырлардан бері қолданылып келе жатқан, ханафи мазхабында кеңінен түсіндірілген ұғымдар болып табылады. Бұл ұғымдар алғаш рет имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мұхаммедтің «әл-Аср» кітабында қолданылған, ол өзінің ұстазынан естігендері бойынша жазған деген мәліметтер бар. Ал ХІ ғасыр ғалымы Сарахсидің «Усул» кітабында осы ұғымдар таратылып жазылған, онда «дәр әл-ислам», «дәр әл-харб», «дәр әс-салам» атты үш мемлекет түрі көрсетіліп, соңғысының «дәр ас-сулх» және «дәр әл-аһд» деп екіге бөлінетіні жазылған, барлығына негізді анықтама берілген. Ол анықтамалар жиһадшылардың бұрмаланған түсіндірмесімен сәйкес келмейді және радикалды көзқарастарды қамтымайды.[:]