Желтоқсан 8, 2021

Сұрақ: Һижраның ислам шариғатындағы орны қандай?

[:kz]Жауап: Һижра (арабша «هجرة – («сөздікте «тоқтату, қалдыру», «қоныс аудару»
деген мағынаны білдіреді. Ислам терминологиясында бұл сөз
«мұсылмандардың дінге қатынасына байланысты өзгелерден қысым көріп,
қорлық тартудан құтылу үшін өзге мекенге қоныс аударуы» деген ұғымды
береді.

Танымал ислам ғұламаларының бірі әл-Ғиз бин Абдуссаләм хижраны
екіге бөліп қарастырған:

1) Рухани һижра – адамның дінсіздіктен имандылыққа, надандық
ұстанымдарды тастап, Мұхаммед пайғамбардың сүннетіне (жолына), күнә
істерден бас тартып, жалғыз Жаратушыға бойсұнуға көшуі.

2)Шынайы һижра – мұсылмандардың белгілі себептерге орай басқа
мекендерге қоныс аударуы. Һижраның бұл түріне қатысты шариғи үкімдер
(дінбасы мен дін ғалымдарының шығаратын пәтуасы) қоныс аударылатын
мекеннің ерекшеліктеріне қарай өзгермелі болып келеді.

Мұсылмандар үшін һижра жасау, яғни дінге қатынасына байланысты
зорлық-зомбылықтар көріп, қорлықтардан дінін аман алып қалу үшін өзге
жұртқа көшу әрекеті белгілі шарттармен ғана жүзеге асырылады.

Меккедегі мұсылмандар ұстанған діндері үшін
азапталып, өмірлеріне үлкен қауіп төнген соң, олар көршілес Мәдина
қаласына көшуге мәжбүр болды.

Кейбір теріс пиғылды радикалды ағымдар зайырлы Қазақстанды дінсіз
ел деп танытып, мұсылман үмбетін Таяу Шығыс, Сирия, Ирак немесе
Ауғанстан секілді қазір соғыс жүріп жатқан аймақтарға көшуге үндеуде.
Олардың мұндай бұрмаланған көзқарастарының қателігіне Мұхаммед пайғамбардың «Меккенің ашылуынан кейін һижра жоқ» деген хадисі дәлел
бола алады.

Бұл хадисте бір мұсылман елден басқа мұсылман еліне һижра
жасауға ешбір қажеттіліктің жоқ екендігі анық айтылған.

Қазақстан
Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының
преамбуласында ханафи бағытындағы ислам дінінің елдің рухани
дамуындағы тарихи рөлі танылатыны атап көрсетілген.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының һижра жасау туралы
2013 жылдың 7 қарашасында берілген пәтуасында «исламның негізгі
рәміздері мен рәсімдерін атқаруға рұқсат етілген мемлекеттен өзге елге
көшуге ешбір қажеттілік жоқ» деп көрсетілген.[:]