Желтоқсан 8, 2021

Сәләфизмнен сақтайтын сана-сезім керек

[:kz]Сәләфизм Қазақстанға 1990-жылдары араб елдерінен оқып келген азаматтар арқылы тамыр жайды. Сәләфизм атауы қазіргі таңда түрлі пікірлер мен таластар тудырған терминдердің бірі.

Ол негізінен «Уаһабизм» терминінің синонимі, яғни бұл екі атаудың еш айырмашылығы жоқ деген сөз. Ағымдардың атауын және функцияларын өзгертуі – негізгі мақсаттарына жету жолындағы заманға сай түрлену болып табылады.

Сәләфизмнің негізін ХІV ғасырда Шам қаласынан шыққан Ахмед ибн Таймия (1263-1328) мен ибн әл-Қайим әл-Джаузия (1292-1350) қалады. Сәләфизм Ислам әлемін консерваторлыққа, алғашқы халифалыққа жетелеуші идеология-мыс, сонымен қатар ақидалық сенімі жағынан Ислам дінінің алғашқы қалыптасқан «Әһлу сунна уәл жамағат» сенім мектебінің төрт мәзһабына түбегейлі қарсы.

Ибн Таймияның еңбектері – адамның психологиясы мен діни танымын бұзатын құрал, себебі: лаңкес, террор атаулының баршасы дінді дәл осы автордың кітаптарынан таныған. Бұл жайында Ислам теологы Б. Топалоғлу өзінің «Ислам теологиясы» атты еңбегінде «Қазіргі кездегі көптеген террористік және экстремистік ұйымдар Ибн Таймияның теориялық еңбектеріне сүйенеді. Бұл жаңа діни ағымның атауы» [1,96-б.].

Тарихта қазақты ислам дінінен айыруға жасалған түрлі идеологиялық шабуылдар айтарлықтай нәтиже бермегені ақиқат. Ислам діні қазақтың қантамырлары арқылы бойына нықтап сіңген. Ал бүгінгі таңдағы жастардың Уаһабизмнің жетегінде кетуі діни сауатсыздықтан емес, бәлкім өзін-өзі танымаудан, тарихын танымаудан, тілін ұқпаудан, рухани тұлғалардың келешекке қалдырған білім мұраларын түсіне алмауында болар.

Қорыта айтар болсақ, әрбір мұсылман рухани жаңғыруын өзінен бастайды, өзінің кім екенін білген соң, бабаларының иләһи сенімі қандай болғандығын білгеннен соң адаспайды. Қазақ жастарының санасында қалған сәләфизм іздерін ортодоксальды Исламды дұрыс түсіндірумен, қазақ даласында өткен ғұламалардың ғылыми ұстанымдарын тәпсірлеп түсіндіру арқылы, қазақ тілінің құдіреттілігін түсініп, бабаларымыздың бізге қалдырған кодталған асыл сөздерін түсіндіру арқылы ағымдарға имунитеттер түзе аламыз[:]