Қазан 22, 2018

ДӘСТҮРДІҢ ШАРИҒАТТАҒЫ ОРНЫ

[:kz]Дәстүр деп – белгілі бір қауымның жылдар және ғасырлар бойы ұстанып келген, қоғамның қағидасына, ережесіне айналған құндылықтарды айтамыз.

Қазақ тілінде әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, қоғам мүшелерінің мінез құлқына, тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық ойына, ұлттық құрылым ерекшеліктеріне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптар жиынтығын салт-дәстүр деп аталады. Бұл атаулар шариғат терминологиясында көбіне араб тіліндегі «ъадәт» және «ъурф» сөздерімен белгілі.

Ежелден бері қалыптасқан дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жоққа шығарып, ширк немесе бидғат, тіпті харам үкімін беріп жатқандарда бар. Басты себебі – діни сауатсыздықтың кесірі болып табылады. Осы сауатсыздықтың кесірінен кім көрінгенге еріп, сөзіне сеніп, дінімізге және дәстүрімізге күмәнмен қарап, тіпті теріске шығарып, дұрыс емес деп адасып жүргенін байқаймыз.

Алла Тағала «Хужурат» сүресінде: «Ей адамдар! Мен сендерді бір еркек, бір әйелден жараттым және сендерді бір-бірлеріңді танысын деп, бір-бірлеріңді білсін деп сендерді ұлттар және ұлыстар етіп жараттық» дейді. Міне осы аятта дәстүрге және ұлттар мен ұлыстарға бөлініп, өздерінің ұлттық құндылықтарын сақтауға міндет екендігі турасында айтылған.
Кейбір елдерде дәстүр мен діннің, шариғи үкімдердің біте қайнасып кеткендігі соншалық, тұрғындар мен халықтың өзі шариғаттың ішіндегі үкімдер мен сүннет амалдарын дәстүрге айналдырып, сол елдің халқы шариғатпен жүргендерін сезінбестен оның түбі шариғаттан екендігін бірі білсе, бірі білмей жүр.

Әрине – Ислам дінінде, соның ішінде шариғатта дәстүрге қатаң қарайды. Себебі дәстүр Ислам дінінің құндылықтарына қайшы келмеуі қажет. Қайшы келмеген жағдайда оған еш бір тиым салынбайды, керісінше жалғастыруын талап етеді. Соған бір дәлел Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) Солиб есімді сахабасына: «Әй, Солиб! Исламға дейін надандық дәуірінде жасап келген жақсы істеріңді Ислам дәуірінде де жалғастыр, жұртқа жақсылық жаса, туған-туысқандарыңмен қарым-қатынасыңды орнат, көршілеріңмен жақсы тұр, қонағыңды сыйла»- деді. Осы хадиске қарасақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с) салт-дәстүрге немесе әдет-ғұрыптың барлығына тиым салмаған.

Ислам құқығында, шариғатта негізгі дәлелдері мен үкімі табылмаған жағдайда немесе бар үкімді іс жүзіне асыру кезінде дәстүрге жүгінеміз. Бұған дәлел ретінде «Сахих Муслимде» келген бір хадисте: Әбу Суфиянның әйелі, күйеуінің оған және ұлына жететіндей нәпақа бермейтіндіктен, ақшасын оған айтпай алғандығын және бұл ісінің күнә ма, жоқ па екендігін Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) сұрайды. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Әдеттегі мөлшерде дүниесінен өзіңе және балаңа жетерліктей ал», – деген. Осы хадиске түсіндірме беру барысында Имам ән-Нәуәуи: «Бұл хадис – шариғатта анық-айқын көрсетілмеген кейбір мәселелерде әдет-ғұрыпты негізге алуға болатындығына дәлел» – дейді.
Фиқһ ғылымында, оның ішінде, Ханафи және Мәлики мәзһабтарында «әдет-ғұрып» – шариғат үкімдерін шығару жолдарының бірі. Арнайы, фиқһ ғылымында «әл-Ъадату мүхаккәм (Әдет-ғұрып – шариғат үкімін анықтайтын негіз етілді)» деген өз алдына үлкен бір қағида түзелген. Бұл да жергілікті әдет-ғұрыптың шариғатта маңызды орынға ие екендігіне дәлел.

Жергілікті халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін екіге бөліп қарастыруға болады:
1. Шариғатқа теріс әдет-ғұрып (ъурф фәсид). Аят немесе хадистегі айтылған үкімге және исламның жалпы қағидаларына қайшы келетін әдет-ғұрып, дәстүр.
2. Шариғатқа сай әдет-ғұрып (ъурф сахих). Аят немесе хадиске және Исламның жалпы қағидаттарына қайшы келмейтін әдет-ғұрып, дәстүр. Мысалы ретінде қыз ұзату мен беташар тойын атап өтсек болады. Исламда да келін түскен үйдің шама-шарқынша дастархан жайып көрші-қолаң мен туған-туысты шақыруы сауапты іс. Сахаба Абдрахман ибн Ауф өзінің үйленгендігін айтқанда, Алланың елшісі (с.ғ.с.) оған: «Бәрекелді! Бір қой сойсаң да, той-томалақ жасап жібер» – деген. Ендеше, «беташар» тойы – Пайғамбарымыздың үмбетіне айтып кеткен өсиетінің қазақи үлгісі десек те болады.

Қорыта келгенде әдет-ғұрып, салт-дәстүр – әр елде және халықта бар ұғым. Әр халық өз тарихын және болмысын біліп, құрметтеуі міндетті. Өз тарихын ұмытқан ел-ел болмас. Тарих дәстүрлермен сақталған.

Тастанбек Разақ
Теолог[:]