«ДЕСТРУКТИВТІ ДІНИ АҒЫМДАРМЕН ЖҰМЫС ЖАСАУДЫҢ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ» АТТЫ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ
Бүгін, 22 ақпан күні ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының бастамасымен, «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ҚМДБ бекіткен 5 бағыттың бірі – жат ағымнан сақтандыру туралы «Деструктивті діни ағымдармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері» атты діни қызметкерлерге арналған семинар-тренинг өтті. Аталған семинарды облыстың Бас имамы ашып, ислам діні және қазіргі қоғамдағы дін мәселелері оның ішінде ағымдар туралы сөз қозғады.
Отызға жуық дін қызметкерлері қатысқан шарада Ақтөбе облысының дін істері басқармасының бөлім басшысы Мұрат Құлбергенов сөз сөйлеп, жат ағымға жауапты діни қызметкерлерге «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының басшысы Нұрсұлтан Берікұлы, «Ихсан» ҚБ орталығының директоры Мейірбек Камалбекұлы, «Нұрдаулет» мешітінің ұстазы Ерсейіт Оразханұлы дәріс жүргізді.
Спикерлер дін мен мемлекеттің арақатынасын баяндап, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарына тоқталып, оңалту бағытындағы алдын алу жұмыстарына имамдардың белсене араласуы, дәстүрлі емес дін ағымдарды ажырату және оны жамағат арасында кеңірек насихаттау, деструктивті діни ағым ұстанушы азаматтардың радикалды діни көзқарасын бейтараптандыру және оларды оңалту мақсатында қолданылған әдіс-тәсілдер т.б мәселелерін қамтыды.
Ал семинарға қатысушылар тақырыптар аясында спикерлерге сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Облыстың Бас имамы БАҚ өкілдеріне семинардың маңыздылығы туралы сұхбат беріп, семинар-тренинг жыл бойы жалғасын табатындығын айтты.
