Наурыз 29, 2023

Оң-солын танып барып ораза ұстағаны дұрыс

?Серікжан Еншібайұлы, Ақтөбе облысының бас имамы:
— Ауыз бекітіп, ораза ұстау — бес парыздың бірі. Бірақ балиғат жасына толмаған балаларға шариғатта ораза ұстау міндеттелмейді.

?Қыз балаға да, ер балаға да 15 жасқа толған кезден бастап құлшылықтар парыз деп есептелген. Жұртшылық ораза ұстау тек таңнан кешке дейін аш жүру еместігін, оның үлкен мақсаттары бар екенін түсінуі керек. Ал жас балалар бұл туралы мәліметті интернеттен емес, ата-аналарынан алуға тиіс.

?Бала оң-солын танып, оразаның негізгі мақсат-міндетін түсінетін кезден бастап ауыз бекітсе де болады. Сондай-ақ адам ораза ұстағанын ешқашан біреуге міндет етпеуі керек.

?Керісінше, ол бойындағы жаман әдеттерден арылып, мектеп жасындағы бала болса, сабағына көңіл бөлуге тиіс.

?Өздеріңіз білетіндей, құлшылық адамға қиындық туғызбайды. Алла тағала Құранда жол жүретін жолаушыға, жүкті, бала емізетін әйелге, денсаулығы жарамсыз адамдарға ораза ұстауды міндеттемейді. Сол секілді балиғат жасына толмаған жас балаға да шариғатымыз ораза ұстауды міндеттемейді.

?Егер мектеп жасындағы бала өзін төзімділікке тәрбиелеу мақсатында ауыз бекітіп, кейін шыдай алмай аузын ашып жіберсе, ол күнә болып есептелмейді. Соны естен шығармаған жөн.

?Ораза айы басталғалы мешітке тарауық намазын оқуға келетіндер қатары көбейді. Арасында мектеп жасындағы балалар да бар. Тіпті емізулі баласы бар аналар да келеді. Осы ретте тарауық намазының парыз емес екендігін тағы бір мәрте еске салғым келеді.

?Біз бұл туралы әр жұма сайын халықпен кездесу барысында ата-аналарға айтып отырамыз. Балаға мәжбүрлеп ораза ұстатып, тарауық намазына қатыстыру міндет емес. Тарауық намазына қатысқан баланың таңертең ұйқысы қанбай, сабағына кесірін тигізуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар қауымы ораза тұтқан баласын ерекше бақылауда ұстап, оның күнделікті режиміне көңіл бөлуі қажет.