Қазан 3, 2018

АТЫРАУДАҒЫ ІССАПАР ЖАЛҒАСУДА

[:kz]

«Аңсар» ақпараттық талдау орталығы басшысының орынбасары, Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының теолог-маманы Т. Талдыбаевтың Атыраудағы жұмыс сапары тығыз кестеге сәйкес өтуде. Төлеген Өмірзақұлы Атырау облысы «Иманғали» орталық мешітінде «Оңалту жұмыстарының методикасы» атты семинарда Атырау қаласына қарасты мешіттердің бас және наиб имамдарымен өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар аталмыш жиынға «Шапағат» қайырымдылық қорының теолог және психолог мамандары да қатысты.
Одан әрі Т. Талдыбаев Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ерлер түзету мекемесінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл жерде дәстүрлі діннің құндылықтары түсіндіріліп, Құранда келтірілген Юсуфтың (а.с.) түрмедегі оқиғасы тәпсірімен насихат ретінде баяндалды.
Ал кешкі кездесу «Мәулімберген» мешітінде жалғасты. Жиналған жамағатқа «Хадис ілімінің исламдағы орны» тақырыбында уағыз айтқан теолог сүннеттің анықтамасы, Пайғамбардың (с.а.с.) хадисін үйренудің артықшылықтары, хадисті ең көп жеткізген сахабалар, хадистердің классификациясы сынды мәселелерге кеңірек тоқталды. Ең бастысы – хадистің дәлел ретінде қолдану аясы жайында мол мағлұмат берді.
Уағыз аяқталған соң жиналған жұрт көпке дейін тарқамай, ұстаздың жанына келіп, жеке сұрақтарына жауап алды.

[:]